Қазақстанда Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды

Фото: Азаматтық авиация академиясы

Алматыдағы Азаматтық авиация академиясының базасында Авиациялық зерттеулер ғылыми-зерттеу институты ашылды. Жаңа институт азаматтық авиацияның өзекті мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешіп, жаңа технологияларды салаға енгізуге бағытталған.

ҒЗИ Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Көлік министрлігінің қолдауымен құрылды. Негізгі мақсат – отандық ғылыми мектептердің, зертханалардың және авиация саласының мүмкіндіктерін біріктіріп, қолданбалы зерттеулер жүргізу.

Институттың ғылыми күн тәртібіне жасанды интеллект, машиналық оқыту, Big Data, цифрлық егіздер, ұшқышсыз және автономды авиациялық жүйелер, авиациялық материалдар, қауіпсіздік, адами фактор, сондай-ақ тұрақты авиациялық отын (SAF) бағыттары кірді.

Фото: Азаматтық авиация академиясы

Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев іргелі ғылымды авиацияның практикалық қажеттіліктерімен байланыстырудың маңызын атап өтті.

«Біздің миссиямыз – ұлттық іргелі ғылымды саланың қолданбалы қажеттіліктерімен байланыстыру», – деді Асқар Жұмаділдаев.

Академия Қазақстанның бейінді ғылыми-зерттеу ұйымдарымен бірлескен жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтымен жасанды интеллект пен авиациялық деректерді талдау, Ядролық физика институтымен авиациялық материалдар мен конструкцияларды диагностикалау, ал Жану проблемалары институты және Д.В. Сокольский атындағы Отын, катализ және электрохимия институтымен авиациялық отын мен SAF бойынша зерттеулер жүргізу көзделген.

Халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстанның Азаматтық авиация академиясы мен Қытайдың Азаматтық авиация университеті (CAUC) «Азаматтық авиацияның қауіпсіздігі және интеллектуалды технологиялары» бірлескен ғылыми-зерттеу зертханасын іске қосты. Келісімге 2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Президентінің Қытайға жұмыс сапары кезінде Шанхайда қол қойылған.

Фото: Азаматтық авиация академиясы

Зертхана бірлескен ғылыми жобалар жүргізуге, халықаралық жобаларға қатысуға және оқытушылар, зерттеушілер, магистранттар мен докторанттарды ғылыми жұмысқа тартуға арналған.

Азаматтық авиация академиясының ректоры Дәулет Мамековтің айтуынша, институт жұмысы нақты жобаларға бағытталуы керек.

«Бізге жұмыс істейтін ғылыми кооперация қажет. Келісімге қол қойылғаннан кейін негізгі жұмыс басталуы керек: нақты міндеттерді анықтау, зерттеу топтарын қалыптастыру және алғашқы бірлескен жобаларды дайындау қажет», – деді ректор.

Жаңа ҒЗИ ғылыми жарияланымдар мен патенттермен қатар зерттеулердің авиация қауіпсіздігіне, тиімділігіне және технологиялық дамуына нақты практикалық әсерін негізгі нәтиже ретінде қарастырады.

ПОДЕЛИТЬСЯ