Фото: t.me/caa_kaz
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру орталығы авиациялық қауіпсіздікті күшейту және әуе оқиғаларын тергеудің ұлттық жүйесін жетілдіру туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел мен Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру орталығы басқармасының төрағасы Дархан Қатышев қол қойды.
Меморандум аясында екі ұйым авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру кезіндегі өзара іс-қимылды күшейтіп, әр тараптың міндеттері мен құзыреттерін нақты ажыратуға келісті.
Сонымен қатар тараптар деректер мен талдамалық материалдар алмасып, қолданыстағы заңнама мен рәсімдерді жетілдіру, ұйымаралық өзара іс-қимыл тетіктерін дамыту және халықаралық тәжірибені енгізу бағытында бірлесіп жұмыс істемек.

Ынтымақтастық барысында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынымдары ескеріледі. Атап айтқанда, Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның авиациялық оқиғаларды тергеу және ұшу қауіпсіздігін басқаруға қатысты 13 және 19-қосымшаларының талаптарын ұлттық жүйеге енгізуге басымдық берілмек.
Бұдан бөлек, ұйымдар ИКАО өткізетін іс-шаралар мен аудиттерге, соның ішінде Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қадағалауды тексерудің әмбебап бағдарламасы – тұрақты мониторинг тәсілі (USOAP CMA) шеңберіндегі тексерулерге бірлесіп дайындалады.
Тараптардың айтуынша, қол жеткізілген келісімдер авиациялық қауіпсіздікке төнетін тәуекелдерді ерте анықтауға, олардың алдын алу тиімділігін арттыруға және Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жүйесіне халықаралық озық тәжірибелерді кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.