Қазақстанда авиацияға инвестиция тартудың жаңа тетіктері талқыланды

Фото: t.me/kolikpress

Астанада Astana Finance Days 2026 халықаралық қаржы форумы аясында Қазақстан мен Орталық Азиядағы авиация саласын қаржыландыру мәселелері талқыланды.

«Қазақстан мен Орталық Азиядағы авиациялық қаржыландырудың ашылмаған әлеуеті» тақырыбындағы сессияға авиация, банк және инвестиция салаларының өкілдері қатысты.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Қазақстанның өңірдегі авиациялық позициясын күшейту үшін бірқатар бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазақстан – өңірдегі авиациялық көшбасшы және Орталық Азияның жаһандық логистикалық жүйесіндегі маңызды буын. Біздің басымдықтарымыз – авиацияны дамыту, АХҚО базасында авиациялық қаржы хабын қалыптастыру және қаржы институттарымен өзара іс-қимылды нығайту», – деді Салтанат Томпиева.

Фото: t.me/kolikpress

Сессия барысында әуежай инфрақұрылымын қаржыландыру, әуе кемелері паркін жаңарту және авиациялық жобаларға инвестиция тарту мүмкіндіктері қаралды. Сарапшылар салаға капитал тарту үшін заманауи қаржы құралдарын енгізудің маңызын атап өтті.

Қатысушылар Орталық Азиядағы авиациялық нарықтың өсу әлеуетіне де тоқталды. Халықтың мобильділігінің артуы, туризм мен сауданың дамуы әуе тасымалдарына сұранысты күшейтіп, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер қалыптастырып отыр.

Сондай-ақ АХҚО базасында авиациялық қаржы хабын дамыту және қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

ПОДЕЛИТЬСЯ