Қазақстан мен Ұлыбритания авиация саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Фото: t.me/caa_kaz

Астанада Қазақстан мен Ұлыбритания өкілдері азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

7–8 қазанда елордада әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, жаңа технологияларды енгізу және халықаралық әріптестікті кеңейтуге арналған Central Asia MRO халықаралық іс-шарасы өтіп жатыр.

Іс-шара аясында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастыққа арналған пленарлық сессия ұйымдастырылды. Жиынды ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Ұлыбританияның сауда мәселелері жөніндегі министрі Анас Сарвар ашты.

Кездесуде тараптар әуе қатынасын кеңейту, авиациялық инфрақұрылымды дамыту және әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету мен жөндеу мәселелерін қарастырды. Сонымен қатар жаңа технологияларды енгізу, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері сөз болды.

Тараптар Қазақстандағы MRO нарығын дамытуға және отандық авиация мамандарының біліктілігін арттыруға да назар аударды.

Қазақстан тарапы Ұлыбританиямен авиация саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ британдық авиакомпаниялар мен авиациялық компанияларды Қазақстандағы бірлескен жобаларға тарту мүмкіндіктері талқыланды.

ПОДЕЛИТЬСЯ