Фото: t.me/caa_kaz
Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасы кеңейеді. Екі елдің авиация билігі негізгі және туристік бағыттар бойынша рейстер санын екі есеге жуық арттыруға келісті.
2026 жылғы 13–14 тамызда Ыстанбұлда Қазақстан мен Түркияның авиация билігі арасында келіссөздер өтті. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге бағытталған жаңа өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Жаңа келісімге сәйкес, Ыстанбұлдан Астана, Алматы және Шымкентке, сондай-ақ Анкарадан Астана мен Алматыға орындалатын рейстер саны аптасына 76-дан 138 рейске дейін көбейеді. Ал туристік бағыттар бойынша Анталья мен Бодрумнан Қазақстан қалаларына орындалатын рейстер саны аптасына 44-тен 86-ға дейін артады.
«Жоғарыда аталған бағыттар бойынша рұқсат етілген рейстердің жалпы саны аптасына 120-дан 224 рейске дейін көбейді. Қалған барлық бағыттар бойынша екі тараптың әуе компанияларына аптасына 14 рейске дейін орындауға мүмкіндік көзделді. Сонымен қатар, екі тарап үшінші елдерге тасымалдарды жүзеге асыру мақсатында әуе еркіндігінің бесінші дәрежесін пайдалана отырып, 76-ға дейін жүк рейсін орындау туралы уағдаластыққа қол жеткізді», – деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.

Келіссөздер барысында мемлекеттік реттеу, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру, әуежай инфрақұрылымын дамыту және саланы цифрландыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты жандандыру да талқыланды.
Ведомствоның мәліметінше, әуе қатынасының кеңеюі жолаушылар мен бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, туристік ағынның өсуіне, сауда-экономикалық байланыстардың нығаюына және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді.