Фото: gov.kz
Қазақстан мен Қытай азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға келісті.
ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева Қытайға жұмыс сапары аясында Commercial Aircraft Corporation of China (COMAC) корпорациясының президенті Шэнь Бомен кездесті.
Кездесу барысында COMAC басшысы корпорацияның қазіргі қызметі мен даму бағыттары туралы айтып, Қытайда өндірілген азаматтық әуе кемелерін халықаралық нарыққа шығару жұмыстары жөнінде ақпарат берді. Оның айтуынша, COMAC ұшақтары бүгінде Лаос, Индонезия және Вьетнамда пайдаланылады. Ал Бруней, Камбоджа, Моңғолия және Конго елдерінде әуе кемелерін сертификаттау және пайдалануға енгізу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сапар аясында Бейжіңде Қазақстан мен Қытайдың авиациялық билік органдары азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша да келіссөз жүргізді. Келіссөз нәтижесі бойынша, екі тарап әуе тасымалдаушылары орындайтын тұрақты жолаушылар рейстерінің санын аптасына 124-тен 152-ге дейін ұлғайтады. Сондай-ақ Қазақстанмен әуе қатынасын жүзеге асыратын Қытай қалаларының тізімі Чунцинді қоса алғанда 11 қалаға дейін кеңейтілді.
Бұдан бөлек, тараптар Астана мен Шанхай арасында, оның ішінде қытайлық әуе компаниялары орындайтын тікелей рейстерді ашу мүмкіндігін талқылады. Сонымен бірге Қазақстан мен Қытай арасында үшінші халықаралық әуе дәлізін құру мәселесі қаралды.
Кездесуде сондай-ақ қазақстандық әуе компанияларына Қытай әуежайларынан слоттар бөлу, Қытайдың әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық әуе кемелерін іздестіру-құтқару саласындағы ведомствоаралық ынтымақтастық туралы келісім жасау мәселелері талқыланды.
Тараптар азаматтық авиация саласындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға, әуе қатынасын кеңейтуге және Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік байланысын дамытуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.