Фото: t.me/kolikpress
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінде АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі бағдарламасының (EXBS) өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында авиациялық қауіпсіздік саласындағы көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижелері қорытындыланып, серіктестікті одан әрі дамыту бағыттары талқыланды. Тараптар EXBS бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың Қазақстанның азаматтық авиация жүйесін нығайтуға және халықаралық қауіпсіздік стандарттарын дамытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
Ынтымақтастық аясында қазақстандық авиация мамандары кәсіби даярлықтан өтіп, халықаралық оқу бағдарламалары мен тәжірибе алмасу іс-шараларына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, еліміздің әуежайлары заманауи тексеру жабдықтарымен қамтамасыз етіліп, авиациялық қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру бағытында маңызды жұмыстар атқарылды.

Кездесу барысында кадрлық әлеуетті одан әрі дамыту, халықаралық үздік тәжірибелерді енгізу және авиациялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған бірлескен бастамаларды жалғастыру мәселелері қарастырылды. Тараптар өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жалғасатынын және жаңа жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екендерін жеткізді.
Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі америкалық әріптестерге көрсетіліп отырған тұрақты қолдау мен сындарлы өзара іс-қимыл үшін алғыс білдірді. Мұндай серіктестік азаматтық авиация саласындағы қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға, халықаралық тәжірибені тиімді енгізуге және Қазақстанның авиация саласының тұрақты дамуына ықпал ететіні сөзсіз.