Қазақстан ICAO симпозиумында биометриялық технологияларды енгізу тәжірибесін таныстырды

Фото: t.me/caa_kaz

Қазақстан өкілдері Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы (TRIP) аясында өткен XXI симпозиумда ел әуежайларындағы биометриялық технологияларды қолдану тәжірибесі туралы баяндады.

Іс-шараға ICAO Кеңесінің президенті Тошиюки Онума, 70 елдің, жеті халықаралық ұйымның және авиация саласындағы халықаралық компаниялардың өкілдері кірген 600-ден астам делегат қатысты.

Қазақстан атынан ICAO жанындағы тұрақты өкіл Тимур Тлегенов пен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің рәсімдерді оңайлату, жолаушылар мен жүктерге қызмет көрсету департаментінің директоры – бас авиациялық инспектор Всеволод Ким қатысты.

Фото: t.me/caa_kaz

Қазақстан делегациясы «Seamless Travel in Practice» сессиясында сөз сөйледі. Мамандар әуежайларда тұлғаны тану, жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру және автоматтандырылған шекаралық бақылау жүйелерін енгізу нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ жолаушыларды рәсімдеу уақытын қысқарту, цифрлық шешімдерді мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ықпалдастыру және шекаралық бақылаудан өтуді жеңілдету тәсілдері таныстырылды.

Сессияда Румыния, Сингапур, Хорватия және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілдері де өз тәжірибелерін ұсынды.Талқылау барысында байланыссыз технологияларды пайдалану, цифрлық сәйкестендіру жүйелерін ұлттық шекараны басқару инфрақұрылымына енгізу, дербес деректерді қорғау және қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері қаралды. Қатысушылар технологияларды ICAO стандарттары мен ұсынылатын тәжірибелеріне сәйкестендірудің маңызын атап өтті.

Фото: t.me/caa_kaz

Симпозиум аясында халықаралық авиация өкілдері Қазақстанның азаматтық авиацияны цифрландыру және халықаралық стандарттарды енгізу бағытындағы жұмысын жоғары бағалады.

Қазақстан мамандарының ICAO алаңдарындағы сарапшы және спикер ретінде қатысуы ел тәжірибесін халықаралық деңгейде таныстыруға, сондай-ақ шетелдік авиация және шекара қызметтерімен кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.

ПОДЕЛИТЬСЯ