Премьер-министр Олжас Бектенов авиация саласын цифрландыру жұмыстарының барысымен танысты

Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің көлік саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Оған авиациядағы шекаралық бақылауды автоматтандыруға және әуе бағыттарын жоспарлауға арналған отандық цифрлық шешімдер таныстырылды.

Қазір Қазақстанның 11 өткізу пунктінде, оның ішінде Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында 54 Q-Gate биометриялық терминалы жұмыс істеп тұр. Жүйе жолаушыларды бет биометриясы мен төлқұжаты арқылы тексеріп, рәсімді 15-50 секундта аяқтайды. Бұл стандартты паспорттық бақылаудан 4-5 есе жылдам.

«Kazdream Special Systems» ЖШС бас директоры Думан Сембаевтың айтуынша, 2028 жылға дейін өткізу пункттеріне тағы 198 Q-Gate терминалын орнату жоспарланып отыр.

«Терминал азаматтардың 16 жасқа толғаннан бастап шекара қызметінің қызметкерлеріне жүгінбей-ақ мемлекеттік шекарадан қашықтан тексеріліп өте беруіне мүмкіндік береді. Паспортты және адамның биометриясын тексеру рәсімі 15 секундты алады, бұл пункттердің нақты инфрақұрылымын кеңейтпей-ақ өткізу қабілетін 6 есе арттырады», – деді Думан Сембаев.

Фото: t.me/KZgovernment

Әзірлеушілердің мәліметінше, Q-Gate арқылы 200 жолаушысы бар ұшақты шамамен 7 минутта тексеруге болады. Салыстырмалы түрде, қызметкерлер жүргізетін стандартты бақылау кезінде мұндай рейске шамамен 30 минут қажет.

Сонымен қатар шетел азаматтарын автоматтандырылған режимде қашықтан бақылауға арналған алгоритмдер әзірленіп жатыр. eGov арқылы құжаттың өзін пайдаланбай, паспорттың QR-коды бойынша өту мүмкіндігі де пилоттық режимде сынақтан өткізіле бастады.

Кездесу барысында азаматтық авиациядағы маршруттық желіні жоспарлауға арналған цифрлық платформа да таныстырылды. Echelon Alpha компаниясы Көлік министрлігімен бірлесіп әзірлеген жүйе әуе бағыттарына деген сұранысты талдап, транзиттік әлеуетті бағалауға және жаңа маршруттардың коммерциялық тиімділігін болжауға мүмкіндік береді.

Платформаны әзірлеу кезінде әуе тасымалдаушылардың шамамен 170 есебі және соңғы бес жылдағы 200 млн рейс туралы дерек өңделген. Жүйе өңірлердің макроэкономикалық көрсеткіштерін, халық санын, тұтынушылардың қалауын, іскерлік белсенділікті және ірі іс-шаралар күнтізбесін ескереді.

Фото: t.me/KZgovernment

Echelon Alpha компаниясының құрылтайшысы Рахман Асамбаев жүйенің жұмыс істеу қағидатын түсіндірді.

«Әуе қатынасының аналитикалық моделін құру үшін әуе тасымалдаушылардың шамамен 170 есебі және соңғы 5 жылдағы 200 млн рейс туралы деректер жиынтығы өңделді. Жүйе өңірлердің макроэкономикалық көрсеткіштерін, халық санын, тұтынушылардың қалауын, іскерлік белсенділігін және ірі оқиғалардың күнтізбесін ескереді. Платформа тек ашық және коммерциялық дереккөздер, сондай-ақ геомаркетингтік деректер негізінде жұмыс істейді, болжамдардың дәлдігін 90%-ға дейін қамтамасыз етеді» – деді Рахман Асамбаев.

Премьер-министр көлік салындағы цифрлық шешімдерді қысқа мерзімде кеңінен енгізуді тапсырды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық қызметтер мемлекетін одан әрі құрудың басымдығын айқындады. Үкімет алдында экономиканың барлық салаларына пайдалы жасанды интеллект шешімдерін енгізу қарқынын жеделдету міндеті тұр. Бүгін таныстырылған көлік саласын технологиялық трансформациялау жобаларын қысқа мерзімде бүкіл ел бойынша ауқымды түрде енгізуді тапсырамын» – деді Олжас Бектенов.

Осылайша, авиация саласындағы цифрландыру шекаралық бақылауды жеделдету, жолаушылар ағынын арттыру және әуе маршруттарын деректер негізінде жоспарлау бағыттарын қамтып отыр.

ПОДЕЛИТЬСЯ