Фото: t.me/caa_kaz
АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) сарапшылары Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігіне қатысты халықаралық бағалауды (IASA) аяқтады. Бағалау 21–25 қыркүйек аралығында жүргізілді.
IASA аясында америкалық мамандар Қазақстанның авиациялық билігінің ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін, авиациялық заңнаманы және нормативтік-құқықтық базаны қарастырды. Сондай-ақ оның ИКАО стандарттары мен ұсынылатын тәжірибесіне сәйкестігі бағаланды.
24 қыркүйекте FAA сарапшылары Астанада Air Astana әуе компаниясына барып, оның қызметіне қатысты бағалау жүргізді. Қазіргі уақытта компания АҚШ-қа рейстер орындауға қажетті экономикалық рұқсат алу үшін АҚШ Көлік министрлігіне өтініш берген.

25 қыркүйекте бағалаудың алдын ала қорытындылары таныстырылды. FAA сарапшылары Қазақстанның авиациялық билігі жүргізген жұмысты атап өтіп, бірқатар бағыттағы көрсеткіштерге оң баға берді.
Енді FAA Қазақстанның авиациялық билігіне бағалау нәтижелері бойынша ресми хабарлама жібереді. Одан кейін анықталған мәселелер бойынша түзету шараларын талқылауға арналған консультациялар өткізіледі.
Осы рәсімдер аяқталған соң FAA Қазақстанға Category 1 мәртебесін беру мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бұл мәртебе қазақстандық әуе тасымалдаушылардың Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейстер ашуына қажетті реттеушілік негіз қалыптастырады.