Қазақстанның әуе транзиті күшейіп келеді: жаңа бағыттар ашылып, жүк рейстері көбейді

Фото: primeminister.kz

Қазақстанда авиация саласын дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асып жатыр. Соңғы жылдары жаңа әуежай терминалдары іске қосылып, халықаралық рейстер саны артқан. Сонымен қатар ел аумағы арқылы өтетін транзиттік ұшулар мен әуе жүктерін өңдеу көлемі ұлғайған.

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан әуежайлары 102,5 мың тонна жүк өңдеді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 10%-ға көп. Оның 64%-дан астамы Алматы әуежайларына тиесілі. Қалада 500 гектар аумақта логистикалық кластер құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жүк инфрақұрылымын Ақтөбе, Қарағанды және Ақтау қалаларында да дамыту жоспарланған.

Жолаушыларға қызмет көрсету мүмкіндігі де кеңейіп келеді. Соңғы үш жылда Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде олардың жалпы өткізу қабілеті жылына 3,5 млн-нан 23 млн жолаушыға дейін артты.

Фото: primeminister.kz

Әуе қатынасын дамыту аясында жаңа нысандардың құрылысы да қарастырылған. Президент тапсырмасымен Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында әуежайлар салу жоспарланып отыр. Оларды 2026 жылдың соңына дейін іске қосу көзделген.

Қазақстанның халықаралық әуе желісі де кеңейіп келеді. «Ашық аспан» режимі аясында халықаралық бағыттардың саны 135-ке жетті. Биыл Варшава, Шанхай, Гуанчжоу, Ларнака, Ұлан-Батор, Измир және басқа қалаларға жаңа рейстер ашылды.

Елдің географиялық орналасуын транзит үшін тиімді пайдалану мақсатында бесінші дәрежелі «ауа еркіндігі» механизмі енгізіліп жатыр. Мысалы, Vietjet Air Ханой – Алматы – Прага бағыты бойынша рейстер орындайды. Бұл Азия мен Еуропа арасындағы әуе байланысын Қазақстан арқылы дамытуға мүмкіндік береді.

Транзиттік жүк тасымалы бойынша да белсенділік артқан. Соңғы үш жылда Қазақстан арқылы өтетін транзиттік рейстердің көлемі төрт есеге өскен. Cargolux Астана арқылы ұшуды қайта бастап, аптасына 14 рейске дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал Cathay Pacific Cargo аптасына бес рейске дейін тұрақты жүк рейстерін орындауды бастады.

Фото: primeminister.kz

Авиация қауіпсіздігі бойынша Қазақстанның көрсеткіштері де жоғары деңгейде. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының бағалауына сәйкес, елдің авиациялық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7%, ал ұшу қауіпсіздігі стандарттарын енгізу көрсеткіші 82% болды. Екі нәтиже де Еуропалық аймақ бойынша орташа көрсеткіштен жоғары.

Саладағы негізгі мәселелердің бірі — авиаотынмен қамтамасыз ету. Осы бағытта 2032 жылға қарай отандық авиакеросин өндірісін жылына 1,7-1,8 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. 2026 жылы Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарында 825 мың тонна авиаотын өндіріледі деп күтіледі.

Үкіметтің жоспары әуежайларды жаңғыртумен шектелмейді. Халықаралық бағыттарды көбейту, жүк логистикасын дамыту және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту арқылы Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы маңызды әуе тораптарының біріне айналуына жағдай жасау көзделіп отыр.

ПОДЕЛИТЬСЯ