Азаматтық авиация академиясының курсанттары Петропавлда ұшу практикасын бастады

Азаматтық авиация академиясының курсанттары Петропавл қаласында ұшу практикасын бастады. Олар қалалық әуежай базасында оқу-жаттығу ұшуларын орындап жатыр.

Бірнеше күн бұрын курсанттар Петропавл әуежайында практикалық сабақтарға кіріскен. Қазір олар төрт орындық екі заманауи ұшақта ұшу дағдыларын меңгеріп жатыр.

Оқу бағдарламасына белгіленген бағыттар бойынша ұшу, пилотаж аймақтарында жаттығу, сондай-ақ визуалды және аспаптық тәсілдермен қону кіреді. Курсанттар түнгі уақытта да ұшу жаттығуларын орындайды.

Петропавл әуежайы директорының авиациялық қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Анар Зейнилдің айтуынша, қазіргі уақытта қалаға алты курсант келген.

«Қазір біздің қалаға алты курсант шақырылып, оқу-жаттығу ұшуларын бастады. Басқа әуежайлармен салыстырғанда, біздің әуежайда оқу ұшуларын орындауға мүмкіндік мол, өйткені әуе қозғалысы аса тығыз емес. Сонымен қатар, климаттық жағдайдың да маңызы бар. Бізде таулы аймақ жоқ, жер бедері негізінен орманды дала. Бұл оқу-жаттығу ұшуларын өткізу үшін маңызды фактор», – деді ол.

Алдағы уақытта оқу ұшақтарының санын 10-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар келешекте Петропавлда азаматтық авиация саласына мамандар даярлайтын толыққанды авиациялық жоғары оқу орнын ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

ПОДЕЛИТЬСЯ