Фото: gov.kz
Астана 20–22 қазанда халықаралық авиациялық қауіпсіздік саласындағы ірі іс-шаралардың біріне айналады. Осы күндері елордада Қазақстанның қолдауымен ИКАО-ның 2026 жылғы Авиациялық қауіпсіздік апталығы өтеді.
Іс-шара Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылмақ. Оған авиациялық әкімшіліктердің басшылары, реттеуші органдардың өкілдері, халықаралық ұйымдар, сала мамандары мен сарапшылар қатысады.
Авиациялық қауіпсіздік апталығы биыл «Күрделі әлемдегі қауіпсіз аспан: баршаға арналған авиациялық қауіпсіздікті арттыру» тақырыбына арналады. Күн тәртібіне дәстүрлі авиациялық қауіптермен қатар киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, ұшқышсыз әуе кемелері және геосаяси тұрақсыздық жағдайындағы тәуекелдер шығарылмақ.
Қатысушылар авиациялық инфрақұрылымды қорғау, киберинциденттерге ден қою, дрондарды пайдалануға байланысты қауіптердің алдын алу және тәуекелдерді бағалау жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ қақтығыстар жағдайында ақпарат алмасудың тиімділігін арттыруға назар аударылады.
Қазақстан халықаралық авиациялық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестік көрсеткіші бойынша 95,7% нәтижемен әлемнің үздік 20 елінің қатарына кіреді. Бұл көрсеткіш елдің Орталық Азиядағы авиациялық қауіпсіздік саласындағы позициясын да айқындайды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Астанадағы іс-шара халықаралық авиациялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіру мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар апталық 2027 жылы өтетін Авиациялық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі үшінші конференцияға (HLCAS/3) дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі болмақ.
Іс-шараға ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онума, ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар және шетелдер мен халықаралық ұйымдардың жоғары лауазымды өкілдерінің қатысуы күтіледі.