Қазақстанда FAA-ның IASA бағалауы басталады

Фото: t.me/kolikpress

21–25 қыркүйек аралығында Қазақстанда АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің (FAA) Халықаралық авиациялық қауіпсіздікті бағалау (IASA) жұмысы өтеді. Бағалау Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық аясында жүргізіліп жатыр.

FAA сарапшылары Қазақстанның авиациялық билігінің ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік қадағалау жүйесін және оның ИКАО стандарттарына сәйкестігін бағалайды.

Бағалау барысында авиациялық заңнама, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығы, авиация персоналын лицензиялау және ұшу операцияларын бақылау жүйесі қаралады.

24 қыркүйекте FAA сарапшылары АҚШ-та коммерциялық рейстер орындауға рұқсат алуға өтінім берген Air Astana әуе компаниясына техникалық сапар жасайды. Бұл сапар инспекциялық тексеру болып саналмайды және оның мақсаты – Қазақстанның авиациялық әкімшілігінен алынған ақпаратты растау.

Айта кетейік, Қазақстан FAA-мен IASA бағалауына дайындықты екі жылдан бері жүргізіп келеді. 2024 жылы елде бағалаудың алдын ала техникалық шолуы өткен.

Бағалау аяқталғаннан кейін FAA қорытынды брифинг өткізіп, кейін жазбаша есеп ұсынады. Оның нәтижесі Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашу жөніндегі жұмыстың келесі кезеңдерін айқындауға мүмкіндік береді.

ПОДЕЛИТЬСЯ