Фото: t.me/kolikpress
Павлодар әуежайындағы ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқталып, қалаға тұрақты әуе қатынасы қайта жанданды.
Жаңғырту жұмыстары аясында ұшу-қону жолағының ені 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтілді. Бұл әуежайдың заманауи әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігін арттырып, ұшу қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Бүгін жаңартылған әуежайдан алғашқы рейс Астана бағытына орындалды. Астана – Павлодар – Астана бағыты бойынша рейсті іске қосу рәсіміне Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров пен Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қатысты.

Көлік министрлігінің мәліметінше, аталған бағыт бойынша субсидияланатын рейстер аптасына төрт рет орындалады. Оларды Vietjet Qazaqstan әуе компаниясы жүзеге асырады. Бір бағыттағы әуе билетінің құны – 15 мың теңге.
Бұл бағытқа билеттер тамыз айының бірінші жартысынан бастап сатылымға шыққан.
Сонымен қатар Павлодар әуежайынан басқа бағыттар бойынша да рейстерді кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарланып отыр.
1 қыркүйектен бастап FlyArystan әуе компаниясы Павлодар – Алматы – Павлодар бағыты бойынша күнделікті коммерциялық рейстерді қайта бастайды.
Сол күннен бастап халықаралық әуе қатынасын да жандандыру жоспарланған. «Сибирь» әуе компаниясы Павлодар – Новосибирск бағыты бойынша аптасына жеті рет рейс орындауды көздеп отыр.