Фото: koreatimes.co.kr
Астана халықаралық әуежайы Оңтүстік Кореяның Kyungwoon University университетімен авиация саласына кадр даярлау бағытында ынтымақтастық орнатты. Тараптар өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжат аясында авиация мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру, кәсіби әрі білім беру тәжірибесімен алмасу жоспарланып отыр. Сондай-ақ мамандарды оқытуда халықаралық стандарттар мен заманауи қауіпсіздік талаптарын енгізу көзделген.
Кездесу барысында әуежайдың практикалық мүмкіндіктері мен университеттің білім беру саласындағы тәжірибесін біріктіру мәселесі талқыланды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – әуежай базасында ұшу қауіпсіздігі және авиация саласына кадр даярлау бойынша заманауи оқу алаңын құру. Бұл қазақстандық авиация мамандарының озық білім беру бағдарламаларына қолжетімділігін кеңейтіп, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік бермек.
Әуежайдың мәліметінше, тараптар арасындағы келісім Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның білім беру және адами капиталды дамыту саласындағы серіктестігін авиация бағыты бойынша нақты жобалармен толықтыруға негіз болады.