Фото: t.me/kolikpress
Қазақстанның Көлік министрлігі әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі.
Ұсынылған түзетулер жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, әуе компанияларының қызмет көрсету сапасын жақсартуға және қолданыстағы нормаларды қазіргі авиация талаптарына бейімдеуге бағытталған.
Бұдан бөлек, авиакомпаниялар белгілейтін талаптарға сәйкес жануарларды ұшақ салонында тасымалдау мүмкіндігін заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылып отыр. Сонымен қатар, мүгедектігі бар жолаушыларға әуе тасымалы бойынша жеңілдіктер беру нормасын енгізу жоспарланған.
Жобаға сәйкес, музыкалық аспаптарды тасымалдау тәртібі нақтыланады. Атап айтқанда, оларды белгіленген талаптар сақталған жағдайда қол жүгі ретінде, ұшақ салонындағы жеке орынға орналастырып немесе тіркелген багаж ретінде тасымалдауға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, домбыра мен қобызды арнайы қорғаныш қаптамасында ұшақ салонында алып жүруге рұқсат беру көзделген. Бұл ретте аспаптың өлшемі 110×35×30 сантиметрден, ал салмағы 10 келіден аспауы тиіс.

Жоба әуе кемесі сыйымдылығы төмен басқа ұшаққа ауыстырылған жағдайда орындарды басымдықпен беру тәртібін де қарастырады. Мұндай жағдайда алдымен кәмелетке толмаған жолаушылар, мүгедектігі бар адамдар, ауыр сырқаты бар азаматтар, жүкті әйелдер және зейнеткерлер тасымалданады.
Сондай-ақ, жолаушыны жеткізу кешіктірілген жағдайда төленетін айыппұлды өтеу мерзімі нақты айқындалады. Ұсынысқа сәйкес, өтемақы жолаушының өтініші берілген күннен бастап күнтізбелік 10 күннен кешіктірілмей төленуі тиіс.
Одан бөлек, тасымалдаушының кінәсі дәлелденген жағдайда тіркелмеген қол жүгінің бүлінуіне әуе компанияларының жауапкершілігін белгілеу ұсынылған.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл өзгерістер әуе тасымалының ашықтығы мен қолжетімділігін арттырып, жолаушылардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.
Құқықтық актінің жобасы қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланған. Азаматтар құжатпен танысып, өз ұсыныстары мен ескертулерін белгіленген тәртіппен жолдай алады.