Қазақстанда 2027 жылы үш жаңа әуежай ашылады

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

2027 жылдың мамыр айында Зайсан, Катонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар жобасын таныстыру кезінде мәлімдеді.

Вице-премьердің айтуынша, жоспар жобасы 12 бағытты қамтитын 96 іс-шарадан тұрады. Оның 80-ін Үкімет жүзеге асыруы тиіс.

Басты бағыттардың бірі – инфрақұрылымды жаңғырту. Осы мақсатта «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын бекітіп, 2027 жылды жаппай халықтық құрылыс жылы деп жариялау көзделген.

«Ұлттық қордан негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға шамамен 6,5 трлн теңге бөлінеді», – деді Серік Жұманғарин.

Көлік-логистика саласын дамыту аясында 2027 жылдың мамырында Зайсан, Катонқарағай және Кендірлідегі жаңа әуежайлар пайдалануға берілуі керек. Ал маусым айында әлемдегі ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежай құрылысын бастау жоспарланып отыр.

ПОДЕЛИТЬСЯ