Фото: t.me/caa_kaz
Қазақстан Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен (ИКАО) бірлесіп, 2050 жылға дейінгі азаматтық авиацияны дамыту жөніндегі мастер-жоспар әзірлеуде. Құжат саланың ұзақ мерзімді даму бағытын айқындауға тиіс.
Бұл туралы Астанада өткен New Silk Way VIII халықаралық көлік-логистикалық бизнес-форумында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мәлімдеді.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында қазақстандық авиакомпаниялар 12,4 млн жолаушы тасымалдаған. Ал ел әуежайларында 136,5 мың тонна жүк өңделген. Қазір Қазақстанның халықаралық әуе қатынасы 31 ел мен 137 бағытты қамтиды. Биыл қазақстандық және шетелдік авиакомпаниялар 24 жаңа әуе бағытын ашқан.
Саладағы басым бағыттардың бірі – жүк тасымалын дамыту. Осы мақсатта мемлекет отандық жүк тасымалдаушыларды қолдауды, жүк ұшақтарының жекелеген санаттарын жеңілдікпен әкелуді және халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздеп отыр.
Форумда әуежайлар мен авиакомпаниялардың даму жоспарлары да таныстырылды. Астана әуежайы 2035 жылға дейін екінші ұшу-қону жолағын салуды, жүк инфрақұрылымын кеңейтуді және цифрлық технологияларды енгізуді жоспарлап отыр.
Қарағанды әуежайы QarGo Hub жүк хабын дамытып жатыр. Биыл мұнда жүк ағыны 61 мың тоннаға дейін жетеді деп болжанған. Ал Ақтауда 400–500 млн доллар инвестиция тартуға бағытталған авиациялық-логистикалық хаб жобасы ұсынылды.
SCAT әуе компаниясы Шымкентте авиациялық хаб құруға арналған 12 инвестициялық жобаны таныстырды. Олар әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетуді дамыту мен әуежай инфрақұрылымын кеңейтуді қамтиды. Сонымен қатар ұлттық жүк тасымалдаушы Alatau Air Cargo алғашқы рейстерін орындауға дайындалып жатыр.
Форумда ішкі әуе қатынасының қолжетімділігі мен өңірлік әуежайлардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді. Петропавл әуежайы шағын өңірлік әуежайларды дамыту мәселелеріне назар аударды. Vietjet Qazaqstan өкілдері де ішкі тасымалдардың қолжетімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Салтанат Томпиeваның айтуынша, азаматтық авиацияны дамыту үшін мемлекеттік органдар, әуежайлар мен авиакомпаниялар арасында тұрақты диалог қажет. Бұл саланың нақты қажеттіліктерін ескеріп, әуе тасымалдарын дамытуға бағытталған ортақ шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.