Қазақстан Орталық Азиядағы жолаушылар тасымалынан көш бастады

Фото: pixabay.com

Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде жолаушыларды әуе арқылы тасымалдау бойынша бірінші орынға шықты. Ал жүк тасымалы жағынан көрші мемлекет Өзбекстан алға шыққан. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) зерттеуінде айтылған.

2025 жылы Орталық Азияның бес елінің әуе компаниялары 31,7 млн жолаушы тасымалдаған. Оның 48,7%-ы Қазақстанға тиесілі. Өзбекстанның үлесі – 35%, Түрікменстан – 7%, Қырғызстан – 5,6%, Тәжікстан – 3,7%.

Сонымен қатар, Өзбекстанда жолаушылар тасымалы 2019 жылмен салыстырғанда үш есе өсіп, 11,1 млн адамға жеткен. Соңғы он жылда жан басына шаққандағы жолаушы айналымы Қазақстанда 2,4 есе, ал Өзбекстанда 3,4 есе артқан.

Жүк тасымалы саласында да Өзбекстанның үлесі басым. 2023–2025 жылдары Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалы төрт еседен астам өсіп, 335,7 мың тоннаға жеткен. 2025 жылы өңір елдерінің ұлттық әуе компаниялары тасымалдаған жүктің шамамен 67%-ы Өзбекстанға тиесілі болған.

ЕАДБ сарапшылары өңір авиациясының дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелер ретінде елдер арасындағы тікелей әуе қатынасының аздығын, «ашық аспан» режимінің шектеулі қолданылуын және инфрақұрылым жаңғырту қарқынының тасымал көлемінің өсуіне ілесе алмауын атаған.

Банк бағалауынша, 2035 жылға дейін Орталық Азияда жалпы құны 5,1 млрд доллар болатын 12 ірі әуежай жобасын іске асыру жоспарланған немесе жүзеге асырылып жатыр.

ПОДЕЛИТЬСЯ