Фото: t.me/caa_kaz
ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінде ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін әуежай инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Жиынға Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, әуежайлардың өкілдері және қолжетімді орта қалыптастыру саласындағы мамандар қатысты.
Талқылау барысында жолаушының әуежайға кіргеннен бастап қажетті рәсімдерден өтіп, қызметтерді алуына дейінгі барлық кезең қамтылды. Атап айтқанда, арнайы тұрақ орындары, тұрақтан терминалға дейінгі жолдар, пандустар, кіреберістер, баспалдақтар мен көтергіш платформалардың қолжетімділігі қаралды.
Терминалдардың ішінде де кедергісіз қозғалысты қамтамасыз етуге назар аударылды. Сонымен қатар көру және есту қабілеті бұзылған жолаушыларға арналған ақпараттық және навигациялық жүйелердің қолжетімділігі сөз болды. Оның ішінде тактильді мнемосхемалар мен бағыттағыштарды, Брайль қарпін, визуалды ақпарат құралдарын және есту қабілеті нашар азаматтарға арналған индукциялық жүйелерді пайдалану мәселелері қарастырылды.
Бұдан бөлек, әуежай қызметкерлерінің ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға көмек көрсету дайындығы, сүйемелдеу қызметінің жұмысы, ақпараттық-анықтамалық бөлімдердің қолжетімділігі және ана мен бала бөлмелеріндегі жағдай да талқыланды.
Жиын қорытындысы бойынша әуежайларға қолданыстағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету процестерін қайта талдап, жолаушылардың әртүрлі санаттарының қажеттіліктерін ескеру ұсынылды. Сондай-ақ қолжетімді орта қалыптастыруда халықаралық тәжірибені қолдану мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды.
Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуежайлармен бірлесіп, ерекше қажеттілігі бар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және авиация нысандарының қолжетімділігін жақсарту бағытындағы жұмысты жалғастырады.