Фото: Астана халықаралық әуежайы
Астана халықаралық әуежайы жолаушылар ағыны бойынша тарихи көрсеткішке жетті. 2026 жылдың шілдесінде әуежай қызметін алғаш рет бір ай ішінде 1 миллионнан астам жолаушы пайдаланды. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл көрсеткішке халықаралық бағыттардың кеңеюі мен тұрақты рейстер санының артуы әсер еткен. Биыл Астанадан Ларнака, Ұлан-Батыр, Гуанчжоу, Ереван және Даламан бағыттарына жаңа рейстер ашылды. Нәтижесінде халықаралық бағыттар саны 42-ден 47-ге дейін өсті.
Қазір елорда әуежайынан Қазақстанның 18 қаласына ішкі рейстер қатынайды.
Жолаушылар ағынының өсуіне байланысты әуежай инфрақұрылымын жаңғырту және қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Әуежай басшылығы халықаралық маршруттарды одан әрі кеңейтіп, жаңа әуе компанияларын тартуға және сұранысы жоғары бағыттардағы рейстер санын көбейтуге ниетті.