Фото: https://kaztag.kz
Қазақстанда әуе бағыттарын субсидиялау тәртібіне өзгерістер енгізілді. Енді мемлекеттік қолдау шаралары арнайы тізілімге енгізіліп, екі деңгейлі цифрлық жүйе арқылы бақыланады.
Тиісті өзгерістер Үкімет қаулысымен бекітілді. Жаңа қағидаларға сәйкес, әуе бағыттарын субсидиялау мемлекеттік қолдау шарасы ретінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган қалыптастыратын жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларының тізіліміне енгізіледі.
Жүйенің техникалық сүйемелдеуіне бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға жауап береді. Оның жалғыз акционері мемлекет болуы тиіс.
Мемлекеттік қолдау шараларын алу және олардың алушылардың қызметі екі деңгейлі цифрлық жүйе арқылы мониторингтен өтеді.
Бірінші деңгейде өтінімдердің эталондық электрондық тізілімі жүргізіледі. Жүйе мемлекеттік қолдау алушылардың белгіленген негізгі талаптарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді.
Екінші деңгейде мемлекеттік және мемлекеттік емес салалық цифрлық жүйелер жұмыс істейді. Олар арқылы кәсіпкерлерден өтінімдер қабылданып, форматтық-логикалық бақылаудан өткізіледі. Өңделген өтінімдер кейін бірінші деңгейдегі жүйеге жіберіледі.
Сонымен қатар цифрлық жүйелер мемлекеттік қолдау алушылардың дербес деректерін жинауға, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға келісімін алуды қамтамасыз етуі тиіс.
Мониторинг нәтижелері кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға ұсынылады. Бұл ретте мемлекеттік қолдау шараларын тиісті тізілімге енгізбей ұсынуға жол берілмейді.
Жаңа қағидалар 5 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді.