Фото: https://34travel.me/
Қазақстан Үкіметі мемлекеттік меншік нысандарына, оның ішінде әуежайлар, теміржол вокзалдары, порттар мен автовокзалдарға атау беру қағидаларына бірқатар жаңа талап енгізді.
2026 жылғы 14 шілдеде қабылданған Үкімет қаулысына сәйкес, енді мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет және басқа да салаларда елге еңбек сіңірген тұлғалардың есімі мемлекеттік меншік нысандарына олар өмірден өткеннен кейін кемінде бес жыл өткен соң ғана беріледі. Алайда бұл талап ерекше ерлік көрсеткен немесе Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға айрықша үлес қосқан азаматтарға қолданылмайды.
Құжатта мемлекеттік нысандарға атау беру, қайта атау және атаудың жазылуын өзгерту рәсімдері де нақтыланды. Сондай-ақ мемлекеттік заңды тұлғалар мен мемлекет қатысатын ұйымдарға жеке атау беру кезінде тапсырылатын құжаттардың толық тізімі бекітілді.

Жаңа тәртіп бойынша ономастика саласындағы уәкілетті органға бастамашы органның өтініші, өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімі, ұйым ұжымының жиналыс хаттамасы, нысан басшысының ұсынысы, архивтік және анықтамалық материалдар, есімі ұсынылған тұлғаның өмірбаяны және атауды өзгертуге байланысты шығындарды қаржыландыру көздері туралы мәлімет ұсынылады.
Сонымен бірге өтінімдерді қарау мерзімі де айқындалды. Уәкілетті орган құжаттарды қабылдағаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысын тиісті мемлекеттік органға немесе жергілікті атқарушы органға жібереді.
Комиссия оң қорытынды шығарған жағдайда, құзыретті орган нысанға атау беру немесе оны өзгерту туралы шешім қабылдайды. Егер мұндай шешім Үкімет деңгейінде қабылдануы қажет болса, комиссияның қорытындысы қоса берілген тиісті қаулы жобасы Үкіметтің қарауына енгізіледі.
Жаңартылған қағидалар 2026 жылғы 17 шілдеден бастап күшіне енді.