Алматы әуежайында Орталық Азиядағы алғашқы de-icing алаңының құрылысы аяқталуға жақын

Фото: Алматы халықаралық әуежайы

Алматы әуежайында Орталық Азиядағы алғашқы мамандандырылған әуе кемелерін мұзға қарсы өңдеу (de-icing) алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа алаң пайдалануға берілгеннен кейін қыс мезгіліндегі операциялардың тиімділігі артып, жерүсті қызмет көрсету процестері оңтайландырылады. Сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайында әуежайдың қауіпсіз әрі тұрақты жұмыс істеу мүмкіндігі күшейеді.

Қазіргі уақытта қыс мезгілінде әрбір әуе кемесі ұшар алдында міндетті түрде мұзға қарсы өңдеуден өтеді. Бұған дейін бұл жұмыстар әуе кемелері тұрақтайтын перронда жүргізілсе, енді арнайы жабдықталған жеке алаңда орындалады. Сондай-ақ, жаңа кешен мұзға қарсы өңдеу жұмыстарын тұрақ орындарынан арнайы алаңға көшіруге жағдай жасап, перрондағы жүктемені азайтады, аэродром жабынының тозуын төмендетеді және жерүсті қызмет көрсету сапасын жақсартады.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – әуе кемелерін қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрған кезде мұзға қарсы өңдеу мүмкіндігі. Бұл рәсімнің ұзақтығын едәуір қысқартып, рейстердің уақытылы орындалуына ықпал етеді. Сонымен қатар алаңның ұшу-қону жолағына жақын орналасуы өңдеуден кейінгі рульдеу уақытын азайтады. Нәтижесінде мұзға қарсы сұйықтықтың тиімді әсер ету уақыты ұзарып, ұшу қауіпсіздігі артады.

Жаңа нысанның жалпы аумағы 92 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 48 мың шаршы метрі бетонмен, 44 мың шаршы метрі асфальт-бетонмен жабылған. Сондай-ақ 37 мың шаршы метр аумақ жалғастырушы рульдеу жолақтарына, ал 6,4 мың шаршы метр арнайы аэродром техникасын орналастыруға арналған.

Қазіргі таңда құрылыс алаңында 500-ден астам маман мен 269 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Соның арқасында құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп, жоба соңғы кезеңіне шыққан.

Фото: Алматы халықаралық әуежайы

Пайдалануға берілгеннен кейін жаңа алаң бір мезетте Code C санатындағы сегіз әуе кемесіне немесе Code E санатындағы төрт кең фюзеляжды әуе кемесіне қызмет көрсете алады. Бұл қыс мезгілінде әуежайдың өткізу қабілетін арттырып, рейстердің кешігуін азайтуға және әуе кемелерін ұшуға дайындау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Жоба аясында экологиялық талаптарға да ерекше назар аударылған. Нысанда пайдаланылған мұзға қарсы сұйықтықты жинап, қайта өңдеуге арналған заманауи жүйе қарастырылған. Бұл сұйықтықтың топыраққа сіңуіне жол бермей, қоршаған ортаға келетін әсерді азайтады.

Әуежай өкілдерінің айтуынша, Орталық Азиядағы алғашқы мамандандырылған мұзға қарсы өңдеу алаңы Алматы халықаралық әуежайын жаңғырту бағдарламасының маңызды кезеңдерінің бірі болмақ. Жоба халықаралық стандарттарды енгізуге, авиациялық инфрақұрылымды дамытуға, пайдалану тиімділігі мен қауіпсіздікті арттыруға және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.

ПОДЕЛИТЬСЯ